ҰЛТ МЕКТЕБІНІҢ ЖАНАШЫРЫ. Мұхамедрахим Қыдырбайұлы



ҰЛТ МЕКТЕБІНІҢ ЖАНАШЫРЫ

ғұлама ғалым, Әбілсағит Садуақасұлының 80 жылдық мерейтойына орай

Мұхамедрахим ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ
«Атамекен» ұлттық тәлім-тәрбие
бағдарламасының авторы, п.ғ.к


      Әбілсағит Садуақасұлымен мен 1992 жылы Алматыда өткен «Этнопедагогика және этнопсихология материалдарын оқу-тәрбие жұмыстарыне ендірудің әдіснамалық негіздері» тақырыбына арналған конференция барысында таныстым. Осы конференция Әбілсағит ағаның жұлдызды сәті деуге де болады.
      Бұрын-соңды газет пен журнал беттерінен Ә.Садуақасұлының ғылыми мақалалары мен ұсыныс-пікірлерін оқып, танысып жүріп, өз кезегінде осы жиын жұмысында кездескеніміз – қазақ педагогика және психология ғылымындағы айырықша бір кезеңнің бастауы деп бағалаймыз.
      1991 жылы тәуелсіз мемлекет мәртебесін алған жаңа Қазақстанның білім жүйесі аса күрделі жағдайға тап болды. СССР педагогикалық жүйесінің дағдарысқа ұшырап және оның ықпалын басынан кешірген қазақ мектебінің ұлттық моделін қалыптастыру қажеттілігі туындады. Бұл орайда, заман талаптары мен әлемдік стандартарға сай келетін жаңашыл-инновациялық  ұлттық білім жүйесінің әдіснамалық жүйесін жасау жөніндегі ауқымды жобалардың сол жылдары тапшы болғандығы – Әбілсағит аға сынды ғылым мен білім қайраткерлерінің  мазмұнды һәм жүйелі идеяларының негізінде құрылуы заңды құбылыс еді.
      Әбілсағит Садуақасұлы заманы тек қана ұлттық білім моделі іргетасының қалануына үлес қосқан іргелі туынды болып қана қоймай, сан ғасырлардан бері сақталып, мол тәжірибе жинақтап келген халық мұрасының заманауи үрдістерде көрініс табуына арналған ауқымды идеялар мен жобалардың дүниеге келуімен құнды. Осы орайда, Құбығұл Жарықбаев, Серғазы Қалиев, Әдібай Табылдиев, Советхан Ғаббасов, Шәмшия Беркімбаева, Зейнолла Қари, Алма Қыраубаева, Нұрғали Сарыбеков, Алма Хамитқызы, Сақыпжамал Ұзақбаева, Зият Әбілова, Қалдыбек Бөлеев, Дәркембай Шоқпарұлы, Жұмағали Наурызбай, Клара Қожахметова, Жұматай Асанов, Райфа Дүйсембінова, Жұмаш Өтеев, Сәуле Иманбаева сынды ғалымдар тобының ой-тұжырымдары мен  ұсыныс-пікірлері Ә.Садуақасұлының ғылыми-шығармашылық еңбегінде көрініс тапқаны – аға ұрпақ пен өскелең ұрпақ арасындағы ғасырлық сабақтастың мәңгілік арнасын айқындады.
     Әбілсағит Садуақасұлы тәуелсіз қазақ мектебінің 1990 жылдары қайта жаңарып, терезесі тең әлемдегі басқа мемлекеттер сияқты өзінің дербес ұлттық білім жүйесін қалыптастырдың стратегиялық маңызы зор екенін тек теориялық тұрғыда емес, өзі құрастырған авторлық мектеп  базасы негізінде дәлелді түрде ең алғаш маңызды ұсыныс айтқан ғұлама ғалымдар қатарына жатады.
     Өзінің алғашқы еңбегін автор «Қазақ халқының ұлттық педагогикасы мен ұлттық психологиясы» деп атады. Оның мұндай батыл қадам жасауы – қазақ мектебіндегі оқу-тәрбие жұмыстарында  көрініс тапқан көптеген нигилизмдік элементтердің белең алуы – қазақ этнопсихологиясындағы маржан идеялардың өз деңгейінде мектеп практикасында жете қамтылмағандығынан деп түсіндіруге болады. Десек те, жоғарыда айтылған тұжырымдар енді қанатын жайып келе жатқан жас республика ұландарының бойында туған ауылы мен Отанына үлес қосуға деген шынайы патриоттық сезімнің қалыптасуына ықпал еткен, көпшілік қауымның көзқарасымен ортақтасқан, оқу-тәрбие жұмыстарының жандануына жаңаша серпін берген туынды болғанына ешкім шүбә келтірмес деп ойлаймыз.
     Ә.Садуақасұлы ғылыми педагогика айналымында қолданылып келе жатқан «қажетті білім» және «қажетсіз білім» атауларына байланысты айтқан тұжырымдары – болашақта ғылыми-әдіснамалық тұрғыда қайта саралауды қажет етеді. Бұл тұста, автордың тұспалды зернамасының зерделеу объектісі – бүгінде жіті назар аударыла бастаған «дуалды оқыту» жүйесінің баламасы екені жөніндегі болашақ  зерттеуші ғалымдар тарапынан зерттеліп,  сұлбалы бағасын алады деген сенімдеміз.
     Автор  1990 жылдардың басында жазған  «Дәстүр» атты бағдарламасы – бүгінгі ұлттық білім моделінің шамшырағы болып келе жатқанына терең мән бермей келеміз. Алғашында «Ауыл академиясы» деген идея арқылы өрбіген аталмыш жоба, сынала келе авторлық мектеп платформасының қалыптасуына ұйытқы болды. Бұл мәселе жөнінде «Мамания» мектебінің (ІХ ғасыр) оқу-тәрбие жүйесіндегі халықтық педагогика мен психология элементтерінің Әбілсағит Садуақасұлының шығармаларында қайта жалғасын тапқаны – кез келген ғалымның батылы жетіп зерттейтін дүние емес екендігін баса айтқанымыз жөн.


                                                 Алматы, 2010 жыл

    «Ауыл академиясының» көтерген мәселелері жаңаша оқытудың жолын көрсетумен ғана шектелмей, әр білімгердің болашақта өзінің қабілеті мен танымдық мүмкіндігіне сай келетін кәсіби бағыттағы білім қайнарларын толыққанды меңгеруіне жағдай туғызу қажет екені – бүгінде қаншалықты өзекті болғанын байқау қиын емес. Демек, автордың пайымдауыынаша «қажетті білім» және «қажетсіз білім» көкжиектері ежелден бері халық тұрмысында эмпирикалық сипатта қалыптасып келгені ақиқат .
     Ә.Садуақасұлының 1990 жылдары мектептегі «пионер-комсомол» ұйымдарының орнын басқан «Атамекен» балалар ұйымы жөніндегі ғылыми көзқарасы, оның диссертациялық жұмысында айырықша көрініс тапты. Жаңадан құрылған жас ұландар ұйымындағы тәрбие жұмысы «Атамекен» ұлттық тәлім-тәрбие бағдарламасы арқылы өрбуі заңды құбылыс екенін,  автор өзінің мол педагогикалық тәжірибелеріне сүйене отырып, әрі ұстаз, әрі тәрбиеші һәм педагог-ғалым ретінде құнды байлам жасайды.
     Әрине, «өнерге әркімнің таласы бар» деп, Абай атамыз айтқандай, ғылым көкжиектерін бағындыруға ұмтылу - туған халқының болашағына алаңдаған әр азаматтың  парызы. Адам баласы егер осы бір асыл мұраттарды өскелең ұрпақ игілігіне айналдыруды мақсұт етсе, ол көптеген кедергілерге қарамастан діттеген мақсатына жетері һақ. Алайда, осы аталған жетістіктер мен кедергілерден басқа – ұлы ғибрат бар. Ол – өз ісіңді иманды атқару. Демек, ұстаздық жол – атақ пен мансаптың шеңберінде қалып қоймай, биік армандар мен қиянды жетістіктердің парасатты биігімен өлшенуі тиіс. Міне осы асыл қаситеттер Иесі – Әбілсағит Садуақасұлы!


Комментарии

  1. Қадірлі әріптестер! Ғұлама ұстаз, ғалым Әбілсағит Садуақасовтың 80 жылдығына арналған "ABILSAGIT TAGYLYMDARY" Интернет-конференциясына хош келдіңіздер!!! Ғылыми мақалалар күтеміз!

    ОтветитьУдалить

Отправить комментарий